COVID-19 ӘСЕРІ ЖӘНЕ ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ ШАРАЛАР
COVID-19 ӘСЕРІ
2020 жылы бүкіл әлем COVID-19 пандемиясының ауқымды сынақтарына тап болды, ол адамдардың денсаулығына, бүкіл елдердің экономикасына және, тұтастай алғанда, қазіргі өмір салтына айтарлықтай әсер етті. Сонымен қатар, вирус пен оның салдарымен жаһандық күрес әлі де жалғасуда. Салдардың ауқымын қазір объективті түрде толық бағалау қиын, бірақ 2020 жылғы көрсеткіштерді талдай отырып, қаржылық және операциялық көрсеткіштердің айтарлықтай төмендегенін анық байқауға болады. Ең бастысы – адам шығыны.
Пандемияның ҚМГ өндірістік көрсеткіштеріне тигізген теріс әсерінің салдары арасында, 2019 жылмен салыстырғанда, іс жүзіндегі нәтижелердің мынадай өзгерістерін бөліп көрсетуге болады:
- пандемиядан туындаған жаһандық сұраныстың төмендеуіне байланысты мұнай бағасының 34,8%-ке төмендеуі;
- мұнай бағасын көтеру және тұрақтандыру үшін өндіруді қысқарту туралы уағдаластық бойынша ОПЕК+ келісімі шеңберінде, 2020 жылға арналған бастапқы жоспармен салыстырғанда, мұнай және конденсат өндіру көлемін 1,3 млн тоннаға азайту;
- мұнай өнімдеріне сұраныстың төмендеуі, соның салдарынан Қазақстан Республикасында және Румыниядағы KMG International (бұдан әрі — ҚМГИ) объектілерінде мұнай өңдеу көлемі кумулятивті 12,2%-ке қысқарды;
- Қазақстан Республикасында мұнай өндірудің төмендеуі жүк жөнелтушілердің мұнай құбырлары жүйесіне тапсыратын мұнай көлемінің төмендеу факторларының бірі болды. Нәтижесінде, ҚМГ мұнай тасымалдау көлемі 2019 жылдың көрсеткішінен 6,3%- ке аз болды;
- Қытайда газ тұтынудың төмендеуі ҚМГ газ құбырлары арқылы транзиттік газды Қытай бағытында тасымалдау көлемінің 17%-ке төмендеу себептерінің бірі болды.
Уақытылы қабылданған шараларға қарамастан, өткен жылмен салыстырғанда, ҚМГ-нің жылдық қаржылық көрсеткіштерінің нашарлағаны байқалады.
Көрсеткіші | 2019 | 2020 | Өзгеріс, % |
---|---|---|---|
Түсім, млрд теңге | 6 859 | 4 556 | –33,6 |
EBITDA, млрд теңге | 1 963 | 1 151 | –41,3 |
Таза табыс, млрд теңге | 1 158 | 172 | –85,2 |
Бос ақша ағыны, млрд теңге | 592 | 88 | –85,1 |
Өкінішке орай, ҚМГ компаниялар тобының қызметкерлері арасында адам шығыны болды. 2020 жылы COVID-19 жұқтырудың 3 623 жағдайы анықталды. 2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша:
- 3 387 адам сауығып кетті;
- 122 қызметкер ауырды;
- өлім жағдайлары – 114 адам (COVID-19 – 11, пневмония – 103).
ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ ШАРАЛАР
COVID-19 пандемиясы ҚМГ үшін бірқатар тікелей және жанама қиындықтарды туындатты, оларды кешенді және қысқа мерзімде шешу қажет болды. 2014-2015 жылдардағы дағдарысқа қарағанда, Компания қаржылық орнықтылық, корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру және басқа да жақсартулар бойынша бұрын жүргізілген жоспарлы және құрылымдалған жұмыстың арқасында осы дағдарысқа барынша дайындалғанын және қаржылық тұрғыдан орнықты келгенін атап өту маңызды. Дағдарысқа қарсы шараларды әзірлеу кезінде ҚМГ-нің қатысу өңірлеріндегі елеулі әлеуметтік жүктемемен қатар, салада мемлекеттің мүдделерін білдіретін елдің мұнайгаз саласының флагманы ретіндегі рөлі ескерілді. Дағдарысқа қарсы шаралардың басты мақсаты компанияның өндірістік және адами әлеуетін барынша сақтай отырып, мұнайдың төмен бағаларына тиімді бейімделуін қамтамасыз ету болып табылады. Бұл, өз кезегінде, екі аспектіні қамтиды: тұрақты ағымдағы қызметті қамтамасыз ету және дағдарыстан кейінгі даму үшін ресурстарды сақтау және жинақтау. Нәтижесінде ҚМГ дағдарыстың компанияға ықпалын едәуір жұмсартуға мүмкіндік берген бес негізгі бағыт бойынша 2020- 2021 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы шараларды әзірледі және іске асыруда:
- операциялық модель;
- операциялық тиімділік;
- қаржылық орнықтылық;
- инвестициялық қызмет;
- цифрлық трансформация.
1 шара. Операциялық модель
Операциялық модель шеңберінде қабылданған шаралар мынадай бағыттарды қамтиды:
- бизнес-процестерді оңтайландыру;
- ҚМГ Корпоративтік орталығындағы ұйымдық құрылымды өзгерту және персоналды қысқарту;
- өндірістік персоналды бос тұрып қалуға ауыстыру.
2020 жылғы нәтижелер
- Орталық аппарат оңтайландырылды: штат 34%-ке – 729-дан 480 адамға дейін қысқартылды, барлық 22 басқарушы директордың лауазымдары қысқартылды, департаменттер саны үш есе азайды. Бонустар мен қызметтік автомобильдер алынып тасталды, топ-менеджерлердің жалақысы 30%-ке қысқарды.
- Кейбір жағдайларда ҚМГ жұмыс көлемі өндірудің төмендеу аясында азайған сервистік компаниялардың қызметкерлеріне мәжбүрлі бос тұру үшін ақы төледі.
- Қызметкерлерді әлеуметтік жауапкершілікпен босатудың аутплейсмент жобасы іске асырылды. Нәтижесінде қатысушылардың 25%-ті жоба басталғаннан кейін жарты жыл ішінде жұмысқа орналастырылды; 12%-ті қызмет түрін ауыстырды және жеке ісін (бизнесін) дамытумен айналысып кетті; қатысушылардың 93%-ті аутплейсмент бағдарламасына қанағаттанды.
- ҚМГ-дегі және ЕТҰ-мен қатынастардағы бизнес-процестерді оңтайландыру, бюрократиясыздандыру мен тиімділігін арттыру шеңберінде:
- сатып алу рәсімдерін жүргізудің және шарттар жасасудың жаңа тәртібі енгізілді;
- ЕТҰ органдарының үлгілік құзыреттері әзірленді. Қазіргі уақытта ЕТҰ үлгілік құзыреттерге сәйкес жарғыларды өзгерту бойынша жұмыс жүргізуде.
2 шара. Операциялық тиімділік
Операциялық тиімділікті арттыру шаралары мыналарды білдіреді:
- өндіру көлемін төмендету, бірінші кезекте, ұңғымалардың рентабельді емес қорын тоқтату есебінен;
- ҚМГ компанияларының бүкіл тобы бойынша мердігерлердің/ өнім берушілердің тарифтерін/бағаларын төмендету және жұмыс көлемін азайту.
2020 жылдың қорытындылары
- COVID-19 пандемиясы кезінде ҚМГ компаниялар тобында өндірістік процестерді тоқтатуға жол берілген жоқ.
- ҚМГ ОПЕК+ келісімі аясында мұнай өндіру бойынша барлық міндеттемелерді орындады.
3 шара. Қаржылық орнықтылық
ҚМГ қаржылық орнықтылық мақсатында мынадай іс-шаралар өткізеді:
- өзіндік құн құрамында бақыланатын шығындарды оңтайландыру;
- тұрақты шығындар үлесін төмендету;
- окүрделі шығындарды оңтайландыру (CAPEX);
- ықтимал кассалық алшақтықты жабу қажеттілігін және инвестицияларға қажеттілікті ескере отырып, борыштық жүктемені қолайлы деңгейде ұстау.
2020 жылдың қорытындылары
- Мерзімінен бұрын өтеуді қоса алғанда, ҚМГ компаниялар тобының 2020 жылғы берешегі 341 млн АҚШ долларына төмендеді. Сондай-ақ бірлескен кәсіпорындар деңгейінде берешектің 1,1 млрд АҚШ долл. астам сомаға азайғаны байқалады, оның жартысынан көбі «ҚМГ Қашаған Б.В.» компаниясына тиесілі.
- ҚМГ еурооблигациялары 907 млн АҚШ доллары сомасына табысты қайта қаржыландырылды. Осылайша, ірі біржолғы қарызды төлеу мәселесі шешілді. Келесі ірі өтеу тек 2025 жылы болады.
- 2017-2019 жылдары берешек деңгейін бақылау және қысқарту, біржолғы ірі өтеулерді уақытылы қайта қаржыландыру, ковенанттар пакетін жақсарту, өтімділікті басқаруды арттыру, шығындарды оңтайландыру және қаржылық тұрақтылықты нығайту бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Moody's, Fitch және S&P-ден ҚМГ кредиттік рейтингтерін мемлекеттің көмегіне жүгінбей сақтап қалуға мүмкіндік туды.
- Дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру шеңберінде шығыстар 147 млрд теңгеге (күрделі шығындар — 103 млрд теңгеге, операциялық шығыстар — 27 млрд теңгеге, әкімшілік шығыстар — 17 млрд теңгеге) қысқартылды.
4 шара. Инвестициялық қызмет
Инвестициялық қызмет негізгі екі аспект бойынша оңтайландырылған:
- активтер дивестициясына арналған тізбе кеңейтілді;
- инвестициялық жобалар қоржынына неғұрлым рентабельді болуына және Компанияның стратегиялық мақсаттарына жауап беретініне қарай басымдық беріледі.
2020 жылдың қорытындылары
- ҚМГ инвестициялық қоржынынан рентабельді емес және рентабельділігі төмен жобалар алынып тасталды.
- Инвестициялық жобаларға күрделі шығындар төмендетілді (дамуға көзделген шығындар 29 млрд теңгеге оңтайландырылды).
5 шара. Цифрлық трансформация
Сонымен бірге, жобалардың қоржынында цифрлық трансформация бойынша дағдарысқа қарсы шара басымдыққа ие.
2020 жылдың қорытындылары
- 2020 жылы таза пайда бойынша болжам 9,3 млрд теңгені құрайды, бұл постмониторинг жобалары есебінен жоспардан 127%-ке жоғары: "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ пен "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" АҚ біріктіру," Сатып алуды санаттық басқару".
- Төрт жоба іске қосылды: "ABAI" ақпараттық жүйесін енгізу", "ҚР МӨЗ-де инженерлік модельдеу жүйесін енгізу", "ҚМГ көпфункционалды жалпы қызмет көрсету орталығын құру", "Сапарларды басқару". Енгізуден күтілетін нәтиже 72,4 млрд теңгені құрайды.
COVID-19 пандемиясының басталуымен ауруды азайту және вирустың таралуын азайту, сондай-ақ өндірістік процестерге тиетін әсерді азайту мақсатында қажетті кешенді шаралар қабылданғанын, тиісті әдістемелік және директивалық құжаттар әзірленіп, енгізілгенін, арнайы іс-шаралар жоспарлары әзірленіп, бекітілгенін атап өткен жөн.
ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ БАҒДАРЛАМАНЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІ
Жүргізілген дағдарысқа қарсы шаралардың нәтижесінде дағдарысқа қарсы шараларды енгізбестен бастапқы болжаммен салыстырғанда қаржы көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік туды.
Көрсеткіші | 2020 жылға арналған алғашқы пессимистік болжам | А2020 жылы дағдарысқа қарсы шаралар (нақты) | Өзгеріс |
---|---|---|---|
Түсім | 2 955 | 4 556 | 54,2% |
Таза табыс | 65 | 172 | 164,6% |