ҚАЛДЫҚТАРДЫ КӘДЕГЕ ЖАРАТУ


НҚМГ компаниялары тобының өндірістік объектілерінде айналымдағы барлық қалдықтарды, оның ішінде мердігерлік ұйымдардың қалдықтарын тұрақты есепке алу және бақылау жүзеге асырылады, олардың түзілу көлемін азайту жөніндегі іс-шаралар жүргізіледі, жыл сайын жаңадан түзілген, жинақталған және тарихи қалдықтарды өңдеу және (немесе) кәдеге жарату жөніндегі жұмыстар қаржыландырылады. 2020 жылы Компания осы мақсаттарға 13 млрд теңгеден астам қаржы жұмсады.

Қоршаған ортаның сапасын жақсартудың өзекті қажеттілігін ескере отырып және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ҚМГ жинақталған қалдықтардың көлемін азайту, тарихи қалдықтарды жою және мұнаймен ластанған аумақтарды тазарту жөніндегі жобаларды іске асырады.

Мұнай-газ өндіру активтерінде құрамында мұнайы бар қалдықтарды уақытша сақтауға арналған жабдықталған полигондар бар. ӨМГ-де бес полигон, КБМ-де – жинақталған қалдықтары бар бір полигон болды, 2016-2019 жылдар аралығында аталған полигондар тазартылып, қалдықтар кәдеге жаратылды. ММГ құрамында мұнайы бар қалдықтармен 10 полигон болды, бүгінгі таңда барлық полигондар тазартылып, жойылды, соңғы полигон 2020 жылы жойылды.

Қазіргі уақытта ӨМГ, ММГ және ҚБМ жаңадан пайда болған қалдықтары оларды полигондарда орналастырмай, бөгде мамандандырылған кәсіпорындарға кәдеге жаратуға тапсырылады.

ҚТО Өзен-Атырау-Самара магистральдық мұнай құбыры учаскелерінде бұзылған жерлерді қалпына келтіруді жүргізеді. 10 жыл ішінде 20,07 га жер қалпына келтірілді. 2021 жылы осы мұнай құбырының 984-985 км екінші учаскесінде төрт гектар жерді қалпына келтіру жоспарлануда. Тарихи ластанған жерлерді қалпына келтіруге 4,5 млрд теңге инвестицияланды. Қалпына келтірілген жерлер шаруашылық айналымға енгізу үшін жергілікті атқарушы органдарға қайтарылады. 2019 жылы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен ҚМГ арасында қалдықтарды кәдеге жарату және мұнаймен ластанған жерлерді тазарту жөніндегі жұмыстарды орындау міндеттемесімен 2024 жылға дейін (қоса алғанда) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумның периметріне ММГ, ӨМГ және ҚБМ кірді.

2019 жылы келісімшарттық аумақтарға түгендеу жүргізілді, оның шеңберінде қалдықтардың сипаттамалары мен олардың көлемдері айқындалды, осының негізінде 2020 жылы мемлекеттік органдармен мұнаймен ластанған аумақтарды қалпына келтірудің тиісті жобалары әзірленді және келісілді. Жобалар шеңберінде мұнайы бар қалдықтарды кәдеге жаратудың қауіпсіз және тиімді технологиялары іріктеліп, ұсынылды, мұнаймен ластанған аумақтарды қалпына келтіру кестесі жасалды.

2020 жылы меморандум бойынша міндеттемелерді орындау шеңберінде ӨМГ және ММГ объектілерінде 558 419 тонна тарихи қалдықтар кәдеге жаратылды, оларды орналастыру орындарының учаскелері қалпына келтірілді. Меморандум бойынша жұмыстарды 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Активтердің шығуы бойынша міндеттемелер

Мұнай-газ активтері

Заңнамаға және нормативтік құқықтық актілерге сәйкес белгілі бір келісімшарттардың талаптары бойынша ҚМГ негізгі құралдарды бөлшектеу және жою және әрбір кен орнындағы жер учаскелерін қалпына келтіру бойынша заңды міндеттемелерді атқарады. Атап айтқанда, ҚМГ міндеттемелеріне барлық өнімсіз ұңғымаларды біртіндеп жабу және құбырларды, ғимараттарды бөлшектеу және келісімшарттық аумақты қалпына келтіру, сондай-ақ өндірістік учаскедегі пайдаланудан шығару және қоршаған ортаны ластау жөніндегі міндеттемелер сияқты қызметті түпкілікті тоқтату жөніндегі іс-қимылдар жатады.

Компания активтердің шығуы бойынша міндеттемелерді әрбір келісімшарт бойынша жеке есептейді. Міндеттеме сомасы инфляцияның күтілетін деңгейіне түзетілген және өтпелі экономикасы бар елдердің мемлекеттік берешегі бойынша қазақстандық нарыққа тән тәуекелдерге түзетілген орташа ұзақ мерзімді тәуекелсіз проценттік мөлшерлемелерді пайдалана отырып дисконтталған міндеттемелерді өтеу үшін талап етілетін бағаланған шығындардың ағымдағы құны болып табылады.

2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Компания мұнай-газ активтерін жою міндеттемелеріне арналған резервінің баланстық құны 66 млрд теңгені құрады (2019 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша: 54 млрд теңге) (толығырақ шоғырландырылған қаржылық есептілікте 25-ескертпеде).

Магистральдық мұнай құбырлары және газ құбырлары

2012 жылғы 4 шілдеде күшіне енген "Магистральдық құбыр туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, ҚМГ-нің екі еншілес ұйымы – "ҚазТрансОйл" АҚ пен "ҚазТрансГаз" АҚ-тың еншілес ұйымы болып табылатын "Интергаз Орталық Азия" АҚ-тың пайдалану аяқталғаннан кейін магистральдық құбырды жою және кейіннен қоршаған ортаны қалпына келтіру, оның ішінде жерді қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды жүргізу жөніндегі заңды міндеттемесі бар. Құбырларды жою және жерді қалпына келтіру бойынша міндеттемеге арналған резерв ҚМГ есептеген бөлшектеу және қалпына келтіру жөніндегі жұмыстарды жүргізу құны негізінде бағаланады. 2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша ҚМГ компаниялар тобы резервінің баланстық құны Компанияның құбырларын жою және жерлерді қалпына келтіру бойынша міндеттемесі бойынша 114 млрд теңгені құрады (2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша: 100 млрд теңге) (толығырақ ақпарат шоғырландырылған қаржы есептілігінің 25-ескертпесінде).

Экологиялық оңалту

ҚМГ сондай-ақ экологиялық тазарту жұмыстары мен оңалтуға арналған міндеттемелер бойынша резервтер қалыптастыру бойынша бағалау жүргізеді және пайымдау шығарады. Қоршаған ортаны қорғауға арналған шығындар олардың болашақ экономикалық пайдасына қарай шығыстарға капиталдандырылады немесе оларға жатқызылады.

Компанияның экологиялық оңалтуға арналған резерві ҚМГ компаниялар тобының қолданыстағы қазақстандық және еуропалық нормативтік базалардың талаптарын сақтауы үшін қажетті күтілетін шығындарды тәуелсіз бағалауға негізделген басшылықтың ең үздік бағалауын білдіреді. 2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша экологиялық міндеттемелер бойынша резервтің баланстық құны 65 млрд теңгені құрады (2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша: 60 млрд теңге).