ЖЕТКІЗУШІЛЕРМЕН ӨЗАРА ӘРЕКЕТТЕСУ

САТЫП АЛУ ЖҮЙЕСІНІҢ ТИІМДІЛІГІ

Тұрақты даму қағидаттарына сәйкес келуге ұмтыла отырып, тиімді сатып алу қызметін қамтамасыз ету стратегиялық және операциялық мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ететін ҚМГ қызметінің ажырамас бөлігі болып табылады.

ҚМГ компаниялары тобының сатып алу қызметінің негізгі қағидаттары заңнамалық және ішкі талаптарды сақтау, сатып алудың ашықтығы, адал бәсекелестікті дамыту және контрагенттер үшін тең мүмкіндіктер беру болып табылады. Сонымен қатар, ҚМГ қолданыстағы өндірістерді жаңғыртуға және жаңа өндірістерді құруға жәрдемдесу бағдарламасын іске асыру шеңберінде отандық өндірушілерді қолдау үшін сатып алу қызметінде бірқатар бастамаларды жүзеге асырады.

ҚМГ компанияларында сатып алу қызметін басқару үш құжат негізінде жүзеге асырылады:

  • Қордың Директорлар кеңесінің 2019 жылғы 3 шілдедегі №161 шешімімен бекітілген "Самұрық-Қазына "ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп проценті меншік немесе сенімгерлік басқару құқығымен "Самұрық-Қазына" АҚ-қа тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың сатып алуды жүзеге асыру тәртібі (бұдан әрі – Тәртіп). Тәртіп сатып алудың негізгі қағидаттары мен тәсілдерін, сатып алу қызметін басқарудың жалпы тәртібін, сатып алу қызметін басқару саласындағы Қордың және сатып алу жөніндегі Қор операторының құзыретін, сатып алу қызметі процестеріне қойылатын негізгі талаптарды, сатып алудың қолданылатын тәсілдерін белгілеуді, бір көзден сатып алуды, бәсекелі келіссөздер мен холдингішілік кооперация жүргізу арқылы тендерді қолдану үшін негіздерді айқындайды.
  • Қор Басқармасының 2019 жылғы 9 қыркүйектегі №31/19 шешімімен бекітілген "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп проценті меншік немесе сенімгерлік басқару құқығымен "Самұрық-Қазына" АҚ-қа тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың сатып алу қызметін басқару стандарты (бұдан әрі – Стандарт). Сатып алу қызметін басқару стандарты сатып алу санаттарын басқару, сатып алуды жоспарлау, жеткізушілерді басқару және таңдау, жеткізу шарттары мен тауарлық-материалдық құндылықтардың қорларын басқару бойынша сатып алу қызметінің процестерін нақтылайды
  • Тәртіптің 4-бабының 4-тармағына сәйкес, Қордың бірінші деңгейдегі еншілес ұйымдары және Қордың бірінші деңгейдегі еншілес ұйымдарына елу және одан да көп проценті тікелей немесе жанама тиесілі ұйымдар үшін әзірленген және бекітілген "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп проценті меншік немесе сенімгерлік басқару құқығымен "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-қа тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың сатып алу қызметін басқару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) (ҚМГ Басқармасының 2020 жылғы 26 наурыздағы №11 шешімі). Қағидалар мүдделі тұлғалардың жауапкершілік аймағын айқындай отырып, сатып алу қызметін нақтылауға, экономикалық әсерді және кросс-функционалдық өзара іс-қимылды барынша арттыру мүддесінде сатып алу іс-шараларын аралас процестермен интеграциялауға, сондай-ақ бизнес-процестерді жүргізу үшін мерзімдерді айқындауға бағытталған.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 1 ақпандағы №550-IV Заңының 19-бабының 2-тармағына сәйкес "СамұрықҚазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қор," Самұрық-Қазына" АҚ) әзірлеген және сатып алудың тиімділігін арттыру және ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірқатар бастамаларды іске асыруға бағытталған сатып алудың жаңа моделі енгізілді.

ҚМГ компаниялары тобының сатып алу рәсімдеріндегі ең озық халықаралық стандарттар мен технологиялар негізінде ашықтық пен тиімділік деңгейін қамтамасыз ету және арттыру үшін барлық мүдделі тұлғаларға сатып алу туралы ақпаратқа кедергісіз қол жеткізуді (жекелеген жағдайларды, бірінші кезекте мемлекеттік құпиямен байланысты жағдайларды қоспағанда), сатып алудың барлық қатысушылары үшін мүмкіндіктердің теңдігін қамтамасыз ететін "Электрондық сатып алудың ақпараттық жүйесі" (бұдан әрі – ЭСАЖ) порталы қолданылады.

ЭСАЖ сатып алу циклінің барлық рәсімдерін автоматтандыруға және стандарттауға (жоспарлау процесінен бастап шарттарды басқаруға дейін), міндеттерді орындау кезінде уақытты қысқартуға және адам факторының әсер ету дәрежесін әлсіретуге мүмкіндік береді. Электрондық сатып алу нарыққа қол жеткізуді жеңілдетеді және осылайша тиімділікті арттыруға, бәсекелестіктің өсуіне және әкімшілік жүктеме мен операциялық шығыстардың төмендеуіне ықпал етеді.

Сауда-саттыққа қатысуға шақыру мен шарттар жасасу талаптары туралы ақпаратты қоса алғанда, сатып алу рәсімдері мен сатып алуға арналған келісімшарттарға қатысты сатып алу туралы ақпаратты жария таратудан басқа, ЭСАЖ іріктеу критерийлері мен сауда-саттықты өткізу қағидаларын және оларды жариялауды қоса алғанда, бәсекелес сатып алуға қатысу үшін талаптарды алдын ала белгілеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте ЭСАЖ нормативтік құжаттарда белгіленген қағидалар немесе рәсімдер сақталмаған жағдайда сатып алу нәтижелеріне шағым жасауды қоса алғанда, тиімді ішкі бақылау жүйесін қамтамасыз етеді.