ІШКІ ДРАЙВЕРЛЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ СТРАТЕГИЯНЫ ІСКЕ АСЫРУҒА ӘСЕРІ

2020 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ МҰНАЙ-ГАЗ САЛАСЫН ДАМЫТУ

Мұнай-газ индустриясы көмірсутек шикізатының едәуір қорының арқасында Қазақстан экономикасының негізгі секторы болып табылады. 2020 жылғы 26 наурыздағы есепте S&P бағалауы бойынша бұл сала Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) шамамен 15%-тін және кеңейтілген Үкімет кірісінің 40%-тін алады. Шикі мұнай және табиғи газ өндіру секторы 2020 жылдың тоғыз айында тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы ағынының 39%-тін тартты. Шикі мұнай, табиғи газ бен мұнай өнімдері экспортының үлесі 2020 жылы Қазақстанның барлық экспортының 57%-тінСЭҚ ТН 2709 - битуминозды жыныстардан алынған шикі мұнай және шикі мұнай өнімдері; СЭҚ ТН 2711 - мұнай газдары және өзге де газ тәрізді көмірсутектер; СЭҚ ТН 2710-шикізаттан басқа, битуминозды жыныстардан алынған мұнай және мұнай өнімдері. құрады.

Соңғы онжылдықтарда өндірістің кеңеюі елдің әлемдік көмірсутектер нарығындағы орнын едәуір нығайтты. BP деректеріне сәйкес әлемдік энергетиканың статистикалық шолуында (2020 жылғы маусым) Қазақстан дәлелденген қорлар бойынша әлемде 12-ші орын алады.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығының деректеріне сәйкес, Қазақстанда 2020 жылы 85,7 млн тонна шикі мұнай және газ конденсаты (мұнай — 82,1 млн тонна, газ конденсаты — 3,6 млн тонна) өндірілді, бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 5,4%-ке төмендеді. Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, мұнай экспорты 68,5 млн тоннаны құрады. Газ өндіру 2019 жылмен салыстырғанда, 2,3%-ке өсіп, 2020 жылы 55,1 млрд м3 болды.

2021 жылғы ақпанның ортасында Энергетика министрлігінің жоспарларына сәйкес Қазақстанда 2021 жылы мұнай өндіру 83,4 млн тонна деңгейінде күтілуде. Бұл ретте "Теңізшевройл" ЖШС (ТШО) 25,3 млн тонна, Қашағанда — 14,5 млн тонна және Қарашығанақта — 12,1 млн тонна өндіру жоспарланып отыр. Экспортқа шығарылатын мұнай көлемі 2021 жылы 67,5 млн тонна болады деп күтілуде.

2020 жылы Қазақстандағы газ балансы, млрд м3

Дереккөз: Энергетика министрлігінің Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығы
2020 жылы Қазақстанда мұнай және газ конденсатын өндіру құрылымы, %

Дереккөз: Энергетика министрлігінің Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығы

Мұнай және газ тасымалдау

Қазақстанда мұнай мен газды тасымалдау және өңдеу бойынша заманауи және әртараптандырылған инфрақұрылым құрылған. Дамыған мұнай және газ тасымалдау инфрақұрылымының болуы әлемдік өткізу нарықтарына шығу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Мұнай және газ өңдеу

Энергетика министрлігінің Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығының деректеріне сәйкес, 2020 жылдың қорытындылары бойынша мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеу көлемі 15,8 млн тоннаны құрап, алдыңғы кезеңге қарағанда 7,6%-ке төмендеді. Бензин өндірісі 4,5 млн тоннаны құрады, 2019 жылмен салыстырғанда 1,5%-ке төмендеді, авиакеросин өндірісі 0,4 млн тоннаға дейін төмендеді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 29,9%-ке аз, ал дизель отыны өндірісі 4,6 млн тоннаны құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 5,4%-ке төмендегенін көрсетеді.

ҚМГ-нің Қазақстанның мұнай-газ индустриясындағы позициясы

ҚМГ қосылған құнды құру тізбегінің барлық кезеңдерінде толық интеграцияланып, Қазақстанның мұнай-газ саласының ұлттық көшбасшысы болып табылады.

2020 жылы өндіру деңгейін ескере отырып, мұнай мен конденсаттың дәлелденген қорларының (1P) еселігі 16 жылды құрады, бұл әлемдегі ең ірі халықаралық мұнай компаниялары арасындағы орташа көрсеткіштен шамамен 11 жылға (2019 жылғы нәтижелер бойынша) айтарлықтай жоғары. 2020 жылы өндіру деңгейін ескере отырып, ҚМГ- нің мұнай және конденсат қорларының дәлелденген және жобаланған еселігі (2Р) 22 жылды құрады.

ҚМГ Компанияның ішкі бағалауына сәйкес 2020 жылғы операциялық нәтижелер бойынша Қазақстанда мұнай және конденсат өндіруде көшбасшы орынға ие. 2020 жылы Қазақстанда мұнай және конденсат өндіру сегментіндегі ҚМГ үлесі 25%-ті, ал газ өндіру сегментіндегі ҚМГ үлесі 15%-ті құрады.

2020 жылы ҚМГ мұнай өңдеу бойынша 81% деңгейіндегі нарық үлесімен Қазақстандағы төрт ірі мұнай өңдеу зауытын бақылайды. ҚМГ Қазақстанның үш негізгі мұнай өңдеу зауытын жаңғырту бойынша ірі инвестициялық бағдарламаны іске асырды, бұл мұнай өңдеу қуаттарын ұлғайтуға және мұнай өнімдерінің сапасын жақсартуға, ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін мұнай өнімдерін толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңірлік нарықтарға мұнай өнімдерінің экспортын кеңейтуге ықпал етті.

Басқаруындағы мұнай-көлік инфрақұрылымы әртараптандырылған және жоғары транзиттік және экспорттық әлеуетке ие. Магистральдық және теңізде мұнай тасымалдауды қоса алғанда, 2020 жылғы нәтижелер бойынша ҚМГ мұнай тасымалдау сегментіндегі нарық үлесі 56%-ті құрады.

ҚМГ ішкі нарыққа және экспортқа газ сатуды қамтамасыз ететін заманауи және әртараптандырылған газ тасымалдау инфрақұрылымының құрылысын аяқтады. 2020 жылғы нәтижелер бойынша газ тасымалдау сегментіндегі ҚМГ нарығының үлесі 77% деңгейінде бағаланады.

2019-2020 жылдары дәлелденген мұнай және конденсат қорларының еселігі (1P)

Дереккөз: Bloomberg
2020 жылы Қазақстанда мұнай және конденсат өндіруді бағалау, млн тонн

Дереккөздер: Компания бағалауы, Энергетика министрлігінің Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығы
Қазақстандағы сегменттер бойынша ҚМГ нарығының үлесі, % (2020)

Дереккөздер: Компания бағалауы, Энергетика министрлігінің Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығы

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОПЕК+ КЕЛІСІМІНЕ ҚАТЫСУЫ

2020 жылдың сәуірінде ОПЕК + елдері өндірісті одан әрі біртіндеп арттыра отырып, мұнай өндіруді қысқарту туралы шешім қабылдады. 2020 жылдың мамыр-маусымында өндірістің қысқаруы 2018 жылғы қазанның деңгейімен салыстырғанда, тәулігіне 9,7 млн баррельді құрады. ОПЕК+ министрлерінің мерзімді кездесулерінде елдер үшін қосымша өндірісті ұлғайту қарастырылады және келісіледі.

Қазақстан Үкіметі ОПЕК + қатысушысы ретінде 2020 жылғы 1 мамырдан бастап мұнай өндіруге уақытша шектеулер енгізді. "Барлау және өндіру жөніндегі операцияларды және көмірсутектерді өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауы учаскелерін пайдалануға уақытша шектеулер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес ҚМГ-нің белгілі бір кен орындары бойынша 2020 жылдың соңына дейін шектеулер енгізілді.

ҚМГ-НІҢ ДАМУ БАСЫМДЫҚТАРЫ

ОПЕК+ шектеулеріне қарамастан операциялық активтерде базалық өндіруді сақтап қалуға мүмкіндік болды және мұнайдың төмен бағаларын ескере отырып, рентабельді емес қорды тоқтатуға баса назар аударылды. 2020 жылдың қорытындылары бойынша ҚМГ өндіру көлемі 2019 жылғы 23,6 млн тоннамен салыстырғанда 21,7 млн тоннаны құрады. 2021 жылы мұнай өндіру көлемі ОПЕК+ келісімінің шарттарына байланысты болады.

ЖАҢА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ КОДЕКС

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 2 қаңтарда Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне қол қойды. Жаңа Экологиялық кодекс ластанудың алдын алу және ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың ең озық қолжетімді технологияларды енгізуі жөніндегі шараларды көздейтін "ластаушы төлейді және түзетеді" қағидатына негізделеді. Экологиялық кодекс қоршаған ортаға тиетін әсерді бағалаудың жаңа тәсілдерін, қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақыны және өндіріс пен тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіруді көздейді. Бұл қоршаған ортаның жағдайын едәуір жақсартуға ықпал етеді. Бірінші кезеңде мұнай-газ саласын қоса алғанда, 50 ірі кәсіпорын жоспарлы түрде ең озық қолжетімді технологияларға (ОҚТ) көшуді бастайды. 2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Экологиялық кодекстің нормалары қолданылатын болады, оны талқылауға ҚМГ 2020 жыл бойы белсенді қатысты.

ҚМГ-НІҢ ДАМУ БАСЫМДЫҚТАРЫ

ҚМГ жүргізіліп жатқан мемлекеттік экологиялық реформаны қолдайды. Компания өз қызметінің қоршаған ортаға тигізетін әсерін барынша азайту жөніндегі шараларға бірінші кезекте назар аударады.

Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі шеңберінде біздің еншілес және тәуелді ұйымдар (ЕТҰ) алғашқылардың бірі болып "Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы" КЕАҚ сарапшыларымен бірлесіп, өндірістік объектілердің ағымдағы жағдайына талдау жүргізу үшін кешенді технологиялық аудиттер (КТА) өткізуді бастады. КТА қорытындылары бойынша ОҚТ енгізу үшін негіз болатын ең озық қолжетімді техникалардың салалық анықтамалары әзірленетін болады.

Стратегия 2028 шеңберінде ҚМГ экологиялық жауапкершілікті арттыру бойынша бастамаларды іске асырады. Компания үшін қоршаған ортаны қорғау бөлігіндегі басым бағыттар парниктік газдар шығарындыларын басқару, газды алауда жағуды қысқарту, су ресурстарын басқару, өндіріс қалдықтарын басқару және жерді қалпына келтіру болып табылады.

2020 жылы Директорлар кеңесі Экологиялық саясатты бекітті. ҚМГ және оның ЕТҰ басшылығы қоршаған ортаның ластануына байланысты шығындар мен залалдарға қатысты нольдік төзімділік қағидатын ұстанады.

ГЕОЛОГИЯЛЫҚ-БАРЛАУДЫҢ 2021-2025 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстанда 15 шөгінді мұнай-газды бассейні бар, олардың бір бөлігі аз зерттелген, бірақ Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің (бұдан әрі – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі) бағалауы бойынша жаңа кен орындарын ашудың жақсы перспективалары бар.

Әзірленіп жатқан геологиялық-барлаудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сәйкес ел аумағының геологиялық зерделенуін қамтамасыз етуге, минералдық-шикізат базасының толықтырылуына, жер қойнауын геологиялық зерттеуді ғылыми-зерттеумен қамтамасыз етуге, автоматтандыру мен цифрландыруға, инфрақұрылымды дамытуға және геология саласын кадрлық қамтамасыз етуге, сондай-ақ ел халқының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған.

Ақпанның ортасында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық-барлаудың мемлекеттік бағдарламасының жобасы ұлттық жобаға айналатынын жариялады.

ҚМГ-НІҢ ДАМУ БАСЫМДЫҚТАРЫ

ҚМГ Геология және барлау блогы Қазақстан Республикасының негізгі шөгінді бассейндерінің мұнай-газды жүйелерін талдауды және модельдеуді қоса алғанда, 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық-барлаудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуге белсенді қатысты.

ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫ

Қазақстан экономикасы COVID-19 жаһандық пандемиясының ықпалына ұшырады. Мәселен, вирустың таралуын тежеу мақсатында енгізілген карантин мұнай бағасының төмендеуімен және мұнай өндірудің төмендеуімен қатар елдің экономикалық дамуына қысым көрсетті.

Сонымен қатар, Қазақстан Үкіметі ерте кезеңде COVID-19 таралуын тежеу бойынша шаралар қабылдады. Халық пен бизнесті мемлекеттік қолдаудың арқасында Қазақстан экономикасы орнықты болып қалды, бұған ЖІӨ құрылымында тауарлар өндірісі секторының, атап айтқанда құрылыс, ақпарат және байланыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі мен білім беру секторының оң өсуі дәлел бола алады. 2020 жылы сауда балансының оң сальдосы, экономиканы кредиттеудің өсуі, өндіруші секторлардағы инвестициялық белсенділік байқалды.

Карантиндік шараларды енгізу салдарынан шикізат тауарлары бағасының, сауда белсенділігі мен экономикалық белсенділіктің төмендеуін көрсете отырып, ЖІӨ 2,6%-ке қысқарды. ЖІӨ-нің қысқаруына тау-кен өндірісі, сауда және көліктің төмендеуі негізгі теріс үлес қосты. Тау-кен өнеркәсібіндегі құлдырау мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты. Көліктің қысқаруына жүк айналымы мен жолаушылар айналымы көлемінің төмендеуі ықпал етті. Сауданың теріс серпіні карантиндік шектеулердің сақталуымен және басылған сұраныспен байланысты болып отыр.

Айырбастау бағамының икемділігі сыртқы күйзелістерді сіңірді. 2019 жылмен салыстырғанда теңге долларға қатысты 8,0%-ке әлсіреді, бірақ мемлекеттік кәсіпорындардың валюталық түсімнің 50%-тін нарықта сату, 2020 жылғы ақпан-наурызда ҚҰБ тарапынан шетелдік валютаны тікелей сату сияқты шаралармен қолдау тапты.

Айырбастау бағамының төмендеуі инфляцияның өсуіне әкеп соқты. Инфляция ҚР Ұлттық Банкінің мақсатты диапазонының жоғары шекарасынан жоғары көтеріліп (4-6%), 2019 жылмен салыстырғанда, 2020 жылғы желтоқсанда 7,5%-ті құрады. 2020 жылы ҚҰБ компаниялар мен үй шаруашылықтарының өтімділігін қолдау мақсатында монетарлық саясатты түзеткен болатын. Инфляцияның өсу және теңгенің АҚШ долларына қатысты әлсіреу салдарынан ҚҰБ жоспардан тыс базалық мөлшерлемені 2020 жылғы наурыздың ортасында 9,25-тен 12%-ке дейін көтерді. Пандемиядан анағұрлым ұзақ экономикалық әсер бойынша нарықтың жаңартылған үміттерін ескере отырып, ҚҰБ базалық мөлшерлемені 9,5% деңгейіне дейін төмендетіп, экономиканы қолдау мақсатында дәлізді +/- 2 п.т. дейін кеңейте отырып, монетарлық саясатты түзетті. 2020 жылғы 20 шілдеде ҚҰБ базалық мөлшерлемені проценттік дәліздің +/- 1,5 п.т. дейін тарылуымен жылдық 9,0% деңгейіне дейін төмендету туралы шешім қабылдады, бұл проинфляциялық тәуекелдердің әлсіреуіне және 2020 жылғы бірінші жартыжылдықта экономикалық белсенділіктің күтілгеннен едәуір төмендеуіне байланысты болды. 2020 жылғы 14 желтоқсанда ҚҰБ проценттік дәлізді +/- 1,0 п. т. дейін қысқарта отырып, базалық мөлшерлемені жылдық 9,0% деңгейінде сақтап қалды.

2020 жылы АҚШ доллары үшін теңге бағамы

Дереккөз: ҚР Ұлттық Банкі
ҚМГ-ның даму басымдықтары

ҚМГ өз қызметінде мұнай-газ саласын дамыту бойынша мемлекеттің негізгі стратегиялық мүдделерін іске асыруға бағдарланады. Компания еліміздің стратегиялық құжаттарын басшылыққа алады және Қазақстан Республикасының экономикасы мен әлеуметтік бастамаларын қолдауға бағытталған даму бағдарламаларын жүзеге асырады.

internal-drivers-img.jpg