ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ, ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ БОЙЫНША МЕНЕДЖМЕНТ ЖҮЙЕСІ (ДС, ӨҚ ЖӘНЕ ҚОҚ)

Компанияда Қазақстан Республикасы заңнамасының, ISO 14 000 және ISO 45001 салалық және халықаралық стандарттарының талаптарына сәйкес, үздік әлемдік практикалар мен тәсілдерді, Мұнай және газ өндірушілердің халықаралық қауымдастығының (IOGP) ұсынымдарын пайдалана отырып әзірленген денсаулық сақтау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау бойынша менеджмент жүйесі (МЖ) жұмыс істейді. Бұл жүйе көшбасшылық, мақсатқа қол жеткізу, тәуекелдерді басқару және үнемі жетілдіру сияқты іргелі қағидаттарға негізделетін негізгі 10 элементті қамтиды.

2006 жылдан бастап ҚМГ-де ISO 9001, ISO 14001 және OHSAS 18001 (ИБЖ) талаптарына сәйкес сапа, қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында интеграцияланған басқару жүйесі енгізілді. Энергия тұтынудың елеулі деңгейі бар ЕТҰ ISO 50001 стандартына сәйкес келу мәніне сертификатталған. ИБЖ тиімділігін тәуелсіз аудиторлар үнемі растайды.

ҚМГ менеджмент жүйесін жетілдіру мақсатында денсаулық сақтау және еңбек қауіпсіздігі менеджменті жүйесін ISO 45001 халықаралық стандартының талаптарына сәйкес келу мәніне сертификаттау бойынша жұмысты бастады. Сертификат 2021 жылдың 1-тоқсанында қабылданады деп күтілуде.

Өндірістік қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау (ӨҚ, ЕжҚОҚ) саласындағы басқару бойынша озық және үздік практикаларды ескере отырып, ӨҚ, ЕжҚОҚ басқару процестеріне барлық деңгейдегі басшылар мен қызметкерлерді тарту және бейілділік дәрежесін арттыру үшін Компанияда комитеттердің үш деңгейлі жүйесі енгізілді және жұмыс істейді:

  • бірінші деңгей – ҚМГ Директорлар кеңесінің Қауіпсіздік, еңбекті, қоршаған ортаны қорғау және орнықты даму комитеті (ҚЕҚОҚОДК);
  • екінші деңгей – ҚМГ деңгейіндегі ЕҚ, ӨҚ және ҚОҚ комитеті;
  • үшінші деңгей – ЕТҰ-ның ЕҚ, ӨҚ және ҚОҚ жөніндегі комитеттері.

2019 жылдан бастап "Самұрық-Қазына" АҚ деңгейінде Еңбекті қорғау, өндірістік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау комитеті өз қызметін бастады. 2020 жылы ҚМГ осы Комитеттің және Комитет жанындағы Сараптау тобының жұмысына белсенді қатысты. Комитет пен Сараптау тобының жұмысы шеңберінде Қордың қоржындық компаниялары белсенді түрде тәжірибе алмасады және ӨҚ, ЕжҚОҚ қамтамасыз ету саласында, оның ішінде пандемияға қарсы іс-қимыл бөлігінде бірыңғай тәсілдерді әзірлейді. Басқа қоржындық компаниялар ҚМГ-нің ӨҚ, ЕжҚОҚ қамтамасыз ету және пандемияға қарсы іс-қимыл саласындағы көптеген тәсілдерін ең үздік практика ретінде қабылдады.

ДС, ӨҚ және ҚОҚ менеджменті жүйесінің құрылымы және ең үздік салалық практикаларды енгізу

Еңбекті қорғау, қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша есептер ҚМГ Директорлар кеңесінің отырыстарында, егжей-тегжейлі ақпараттық есептер – ҚМГ Директорлар кеңесінің ҚБЕҚОКОД-да ай сайын қаралады. 2020 жылы ҚБЕҚОКОД отырыстарында келесі негізгі тақырыптар бес отырыста егжей-тегжейлі талқыланды:

  • ілеспе мұнай газының пайдалы пайдаланылуын арттыру;
  • экологиялық рейтинг нәтижелері;
  • биоәртүрлілікті сақтау;
  • су ресурстарын басқару;
  • климаттың өзгеруі туралы мәселе.

Тоқсан сайынғы негізде экологиялық тәуекелдерді, климаттың өзгеруіне және су ресурстарының тапшылығына байланысты тәуекелдерді қоса алғанда, ӨҚ, ЕжҚОҚ саласындағы тәуекелдерге мониторинг жүргізіледі. ҚМГ қоршаған ортаны қорғау саласындағы көрсеткіштерді үнемі талдайды, мұнай-газ саласындағы жетекші халықаралық қауымдастықтардың (IOGP, IPIECA, CDP) ұқсас көрсеткіштерімен бенчмаркинг жүргізеді, өндірістік объектілердің аудиттерін жүзеге асырады. Компания экологиялық аспектілерге және экологиялық тәуекелдерді бағалауға баса назар аударады. Көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға тигізетін әсерін бағалау жобалары әзірленеді, қоғамдық тыңдаулар өткізіледі және табиғатты қорғау іс-шаралары іске асырылады.

2020 жылы ҚМГ-де ӨҚ, ЕжҚОҚ басқару жүйесін жетілдіру, сондай-ақ үздік халықаралық салалық практикаларды енгізу бойынша біршама жұмыс атқарылды. Соның аясында бірқатар корпоративтік құжаттар әзірленіп, бекітілді. Сондай-ақ ҚМГ Стратегиясының басымдықтарына сәйкес ӨҚ, ЕжҚОҚ жөніндегі саясат, ӨҚ және ЕҚ бойынша жекелеген саясаттарға және Экологиялық саясатқа бөлінді, олармен ҚМГ корпоративтік сайтында танысуға болады.

ӨҚ, ЕжҚОҚ саласындағы менеджмент жүйесін жетілдіру. 2020 жылы келесі корпоративтік құжаттар әзірленді, өзектендірілді және бекітілді:

  • ҚМГ компаниялар тобында ӨҚ, ЕжҚОҚ саласындағы тәуекелдер бойынша коммуникация және хабардарлық жоспары;
  • "ҚМГ компаниялар тобындағы еңбекті қорғауды басқарудың бірыңғай жүйесі" корпоративтік стандарты;
  • ҚМГ компаниялар тобындағы өндірістік процестердің қауіпсіздігін басқару жөніндегі корпоративтік стандарт;
  • ҚМГ компаниялар тобында ӨҚ, ЕжҚОҚ саласындағы мердігерлік ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі корпоративтік стандарт;
  • ҚМГ компаниялар тобы үшін "Қорғау" картасын қолдану регламенті;
  • ҚМГ компаниялар тобында ӨҚ, ЕжҚОҚ саласындағы құзыреттерді қамтамасыз ету жөніндегі корпоративтік стандарт;
  • ҚМГ компаниялар тобында көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға әсерін бағалауды жүргізу жөніндегі корпоративтік стандарт;
  • "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы саясаты;
  • ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ экологиялық саясаты;
  • "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ жерүсті көлік құралдарын қауіпсіз пайдалану саласындағы саясаты;
  • "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ алкоголь, есірткі құралдары, психотроптық заттар мен олардың аналогтарына қатысты саясат;
  • ҚМГ компаниялар тобында жерүсті көлік құралдарын қауіпсіз пайдалану регламенті;
  • "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ әкімшілік ғимараттарындағы өрт қауіпсіздігі шаралары туралы жұмыс нұсқаулығы.
hse-management-system