ТРАНСФОРМАЦИЯ ЖӘНЕ ЦИФРЛАНДЫРУ

Робот

COVID-19 пандемиясынан туындаған жаһандық дағдарыс трансформация мен цифрландыруды ілгерілетуді жеделдетті. Ағымдағы жағдайларда цифрлық технологиялар мұнай-газ секторының алдында жаңа мүмкіндіктер ашады. Мәселен, карантин басталған сәттен бастап цифрлық шешімдер ҚМГ қызметкерлерін тиімділікті жоғалтпай, қашықтықтан жұмыс істеу режиміне тез ауыстыруға мүмкіндік берді.

Цифрлық трансформация – ҚМГ-нің 2028 жылға дейінгі даму стратегиясының және 2020-2021 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы шаралардың бір бөлігі. Компания цифрландыруды нақты және ақылға қонымды түрде жалғастырады, мұнда ол елеулі қаржылық нәтиже береді немесе өндірістік қауіпсіздікті жақсартады. ҚМГ өзінің тиімділігін дәлелдеген тексерілген технологияларды пайдаланатын болады.

Цифрлық трансформацияны іске асырудың жаңа тәсілі 2021 жылға арналған келесі басымдықтарда белгіленген:

  • трансформацияның ҚМГ дағдарысқа қарсы жоспарымен және даму стратегиясымен нақты өзара байланысы;
  • "Мұнайды барлау және өндіру", "Өңдеу" бағыттарына шоғырландырылған ең көбі 10 жобаға барынша назар аудару және тікелей қаржылық пайдаға қол жеткізу;
  • еншілес ұйымдарды бизнес-проблемаларды сәйкестендіруге белсенді тарту және оларды шешу үшін жобаларға бастамашылық ету;
  • компанияда өзгерістерге ықпал ететін корпоративтік мәдениетті енгізу.

ҚМГ-дегі цифрлық трансформация бағдарламасының жобалары мен іс-шараларының ағымдағы қоржыны 13 жоба мен іс-шарадан тұрады және шығыстарды қысқартуға, бизнес-процестердің ашықтығын арттыруға, тұрақты жақсарту мәдениетін дамытуға және өндірісте цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған.

2020 жылы он жоба мен іс-шара аяқталды немесе операциялық қызметке берілді: ERP жүйесін енгізу, АТ шығындарын оңтайландыру, ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйесін енгізу, сатып алудың жаңа моделі және үш HR іс-шарасы, деректерді басқару, өңдеу және маркетингтегі Lean 6 Sigma, интеллектуалдық кен орны. Олардың барлығы бойынша есепті кезеңде белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді. Осылайша, ҚМГ компаниялар тобында ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйесін (АҚБЖ) енгізу жобасы шеңберінде ҚМГ Корпоративтік орталығында ақпараттық қауіпсіздікті басқару процестері жаңартылды және ҚМГ мен еншілес ұйымдарда АҚБЖ жұмыс істеуі үшін әдіснамалық база дайындалды. "Компанияның сатып алу қызметін басқару жөніндегі әдіснаманы әзірлеу және диагностиканы жүргізу" іс-шарасы барысында ҚМГ-нің сатып алу қызметін басқару қағидалары әзірленді және бекітілді.

Жаңа тәсілге сәйкес цифрлық трансформация жобаларының қоржынына жаңа жоба – "ABAI АЖ әзірлеу" (ағылш. Advanced Base Artificial Intelligence – "Жетілдірілген жасанды интеллект базасы"). ABAI жүйесінде жасанды интеллектіні қолдана отырып, осы деректерді талдау және оларды жедел визуализациялау, сондай-ақ өндірісті қашықтан режимде үздіксіз басқару мүмкіндігімен ҚМГ мұнай барлау мен өндіру блогының барлық өндірістік деректері біріктіріледі.

2020 жылы ҚМГ-нің көпфункционалды жалпы қызмет көрсету орталығын құру жөніндегі ауқымды жоба қайта жаңғыртылды. Ол бірқатар қолдау функцияларын (персоналды басқару, бухгалтерлік және салықтық есеп, сатып алу, әкімшілік-шаруашылық қамтамасыз ету және т.б.) бірыңғай сервис орталығына ауыстыруды көздейді. Бұл корпоративтік орталық пен еншілес ұйымдарды айтарлықтай жеңілдетіп, бейінді өндірістік қызметке шоғырландыруға мүмкіндік береді. Функцияларды стандарттау және автоматтандыру шығындардың қысқаруын қамтамасыз етеді және ашықтықты арттырады.

Бизнес-процестерді трансформациялау және цифрлық технологияларды енгізу адамдарды, олардың ойлауы мен мінез-құлқын өзгертуді талап етеді. Сондықтан қазіргі уақытта іске асырылып жатқан бірнеше қоржындық жобалар жаңа корпоративтік мәдениетті енгізуге, қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыруға және жаңа жағдайларда жұмыс істеу дағдыларын дамытуға бағытталған.

2020 жылы НR іс-шараларын іске асыру барысында ҚМГ мен еншілес ұйымдардың басшылығымен бірқатар стратегиялық сессиялар өткізілді, олардың қорытындылары бойынша корпоративтік мәдениетті дамыту жөніндегі жоспар және ҚМГ компаниялары тобында әлеуметтік тұрақтылық индексі мен өндірістік қатынастар деңгейін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді. Бұдан басқа, HR диагностикасының қорытындылары бойынша ҚМГ корпоративтік орталығының адами ресурстарды басқару блогының жаңа өтпелі (аралық) ұйымдық құрылымы бекітілді, сондай-ақ көрсетілген құрылымдағы процестер мен рольдер сипатталған.

Корпоративтік орталық пен еншілес компаниялардың қызметкерлерін оқыту бойынша ауқымды науқан "ҚМГ-де жобаларды басқару жүйесін енгізу" жобасы шеңберінде басталды. Бұл жүйе Stage Gate Process қағидаттарына негізделген (әрбір кезеңде қатаң бақылап, жобаны кезең-кезеңмен іске асыру) және ҚМГ компанияларының тобында 2020 жылғы қазаннан бастап жұмыс істей бастады. Ол жобалық қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуге және қабылданатын инвестициялық шешімдерді терең негіздеу есебінен рентабельді емес жобаларды болдырмауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жобаларды іске асыру үшін нақты жауапкершілік белгіленді, жобалау қызметіне қатысушылардың біліктілігіне қойылатын нақты талаптар белгіленді. Жобалық басқармаға ҚМГ қызметкерлері тұрақты негізде оқытылады деп жоспарлануда.

Мұнай мен мұнай-химияны өңдеу бизнес-бағытында "Компьютерлік тренажерлық кешендерді енгізу арқылы Қазақстан Республикасының МӨЗ өндірістік персоналын даярлау және аттестаттау жүйесін енгізу" жобасы іске асырылып жатыр. Виртуалды тренажерлар операторлардың штаттық және штаттан тыс жағдайларды пысықтауы үшін қолданылады. Сонымен бірге, жас мамандар нақты жұмыс басталғанға дейін өндірістік қондырғылар мен технологиялық процестерді зерттей алады. Бұл жоба – цифрлық жұмысшы тұжырымдамасының элементтерінің бірі болып табылады. Ол адам факторымен байланысты өндірістегі іркілістерді азайтуға, нәтижесінде қондырғыларды дұрыс және үздіксіз басқару есебінен МӨЗ жұмысының сенімділігін арттыруға көмектеседі.

ҚМГ барлау, өндіру және өңдеу бағытында бірнеше жыл бойы Lean 6 Sigma (LSS) бағдарламасын енгізу жобасын табысты іске асырып келеді. Сондай-ақ ол қызметкерлерді жобалау тәсіліне үйретуге арналған. Бағдарламада қызметкерлерді бизнес-процестерді жетілдіру және кәсіпорындардың қызметін оңтайландыру бойынша бастамалар ұсынуға ынталандыру үшін жағдай жасалған. Әдетте, LSS жобалары үлкен инвестицияларды қажет етпейді, бірақ тез экономикалық нәтиже береді. Тұтастай алғанда, Бағдарлама үнемді өндіріс мәдениетін қалыптастыруға және адамдарды өндірісте тұрақты жақсартуды енгізу процесіне тартуға ықпал етеді.